Президент түркі елдерінің ішкі істер министрлерімен кездесті

Президент түркі елдерінің ішкі істер министрлерімен кездесті
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ішкі істер министрлерімен кездесті. Жиын ТМҰ Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы қарсаңында өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуге Әзербайжанның ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғызстанның ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркияның ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи, Өзбекстанның ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты. Іс-шарада ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те сөз сөйледі.

Президент түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған ортақ тарих, тіл мен дәстүрдің ұқсастығы және өзара мүдделер негіз болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ елдері арасындағы, соның ішінде құқық қорғау органдарының өзара байланысын күшейтудің маңызын айтты.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуалдың тұрақсыз әрі құбылмалы сипат алғанына тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі кезеңде жаңа сын-қатерлермен қатар, мемлекеттер үшін жаңа мүмкіндіктер де пайда болуда.

Президент Қазақстанда мемлекеттік басқару мен қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Ол елдегі саяси және мемлекеттік институттардағы өзгерістерге тоқталып, құқық қорғау саласы да ауқымды реформалардан өтіп жатқанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет екенін айтып, бауырлас елдердің басшыларына ыстық ықыласын жеткізді.

0