Шымкентте 4,8 млрд долларға 22 инвестициялық құжатқа қол қойылды

Шымкентте 4,8 млрд долларға 22 инвестициялық құжатқа қол қойылды
https://t.me/KZgovernment

Шымкентте өткен KGIR-2026 халықаралық инвестициялық форумы аясында жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын 22 құжатқа қол қойылды. Келісімдер энергетика, көлік, білім беру, өнеркәсіп, медицина және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Форум барысында еліміздің бірқатар өңірінде жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі инвестициялық келісімдер жасалды.

Атап айтқанда, Қостанай облысында құны 730 млн доллар болатын жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Қуаты 1 000 МВт-қа жететін нысан энергия жинақтау жүйесімен жабдықталады. Тиісті келісім Энергетика министрлігі мен Turan Wind Energy компаниясы арасында жасалды.

Сонымен қатар Көлік министрлігі мен Freedom Lab компаниясы Қазақстанның автомобиль жолдарына интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу туралы келісімге келді. Жобаның құны – 249,6 млн доллар.

Ал Ақтөбеде 150 млн долларға шыны ыдыс шығаратын зауыт салу көзделген. Бұл бағытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы келісім жасасты.

Форумда әлеуметтік маңызы бар ауқымды жобаларға да назар аударылды. Соның бірі – еліміздің 20 өңірлік инклюзивті мектебінен тұратын желіні құру. Оқу-ағарту министрлігі мен DSKZ & KAMC компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес, жобаға 1 млрд доллар инвестиция тарту жоспарланған.

Тағы 1 млрд доллар Құрық портын дамытуға бағытталмақ. Жобаның алғашқы кезеңінде көпфункционалды терминал салу қарастырылған. Бұл жөніндегі меморандумға «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі мен қытайлық Guoyou Materials Group компаниясы қол қойды.

Денсаулық сақтау саласында да ірі бастама қолға алынбақ. KAZAKH INVEST пен Shoval Kazakhstan Ltd. компаниясы құны 650 млн доллар болатын «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» жобасын жүзеге асыру жөнінде меморандум жасасты.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 500 млн долларға қуаты 250 МВт болатын дата-орталық салу жоспарланып отыр. Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Amsa Digital компаниясының ынтымақтастығы аясында іске асырылмақ.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында 111,1 млн долларға ет кластерін құру, Астанада 40,8 млн долларға британдық білім беру үлгісіндегі жатақханасы бар университет кампусын салу және Қызылорда облысында 8,8 млн долларға полипропилен қаптар мен биг-бэгтер шығаратын кәсіпорын ашу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Шымкент қаласының әкімдігі мен KOKSAN компаниясы да 74,3 млн долларлық жобаны жүзеге асыру туралы негіздемелік келісім жасасты. Оның аясында ПЭТ-преформалар шығаратын және пластик қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу көзделген.

Форум аясында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына үлес қосқан бірқатар инвестор мен компания басшысы марапатталды.

Олардың қатарында «Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясының бас директоры Вели Динчел, Aksa Energy басшысы Наджи Агбал, Kazakhstan Hydrogen Peroxide компаниясының бас директоры Сунь Пэнчэн, KamLitKZ басшысы Алексей Котов және Saran Machinery компаниясының бас директоры Станислав Ли бар.

Сондай-ақ Fabe Agro басқарма төрағасы Ахмед Будан, Emirates Kazakhstan Education Investment Group өкілі Руслан Жұмагұлов, Carlsberg Central Asia президенті Вячеслав Мальцев, SABIS өңірлік директоры Рами Малак, Ardingly Astana басшысы Даррен Джонс, TEXOL компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава және Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан марапатқа ие болды.

KGIR-2026 алаңында жасалған келісімдер елімізге инвестиция тартуға, жаңа өндірістерді дамытуға және әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған. Алайда бірқатар жоба бойынша әзірге меморандумдарға қол қойылғандықтан, оларды жүзеге асырудың нақты шарттары алдағы уақытта айқындалады.