Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясында өткен Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.
Президенттің айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау – тек экологияға қатысты мәселе емес, адамзаттың болашағы мен жаһандық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи экожүйелердің азық-түлік өндіруде, су қорын сақтауда және миллиондаған адамның тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар ол әлемде шөлейттену, жердің тозуы және су тапшылығы барған сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқанына назар аударды. Мұндай экологиялық қауіптер жекелеген мемлекеттермен шектелмей, бүкіл әлемнің тұрақты дамуына кері әсер етеді.
«Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы табиғатты қорғауға бағытталған бастамалар саяси келіспеушіліктерге тәуелді болмауы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, елдер ортақ жауапкершілікті сезініп, нақты шараларды бірлесе жүзеге асырғанда ғана экологиялық қатерлердің алдын алуға болады.
Президент табиғи байлықты келер ұрпаққа сақтап жеткізу үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды екенін жеткізді.