Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, саланың даму барысы мен алдағы міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев Президентке агенттіктің 2026 жылы атқарған жұмысының негізгі қорытындыларын баяндады. Сондай-ақ еліміздегі атом өнеркәсібі мен энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы мәлімет берді.
Атап айтқанда, атом электр стансасын салу, ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды дамыту, білікті мамандар даярлау және атом саласындағы жобаларға отандық кәсіпорындардың қатысу үлесін ұлғайту мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыру, радиоактивті қалдықтарды басқару тетіктерін жетілдіру және ядролық әрі радиациялық қауіпсіздікке қатысты заңнамалық негізді күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық атом энергетикасын дамыту жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Атом саласының даму стратегиясында белгіленген міндеттердің уақытылы әрі тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.