Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында ел тәуелсіздігінің тарихи маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның мемлекет болашағындағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент биылғы Жолдаудың мазмұны мен мәні ерекше екенін атап өтті. Ол 25 қазанда атап өтілген Республика күніне назар аударып, Егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл ел тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Бұл – Қазақстан тарихындағы маңызды белестердің бірі.
Мемлекет басшысы биыл наурызда қабылданған жаңа Конституцияға да арнайы тоқталды. Оның сөзінше, бұл құжат елдің қазіргі даму бағытын айқындап қана қоймай, болашақтағы мемлекеттік құрылымының негізін қалыптастырды.
Президент Конституцияны бірнеше ұрпақ арасындағы маңызды келісім ретінде бағалады. Ол азаматтардың қолдауына ие болған Ата заңның 1 шілдеден бастап күшіне енуі саяси жүйені жаңғыртуға және жаңа билік институттарын қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдегі ауқымды өзгерістерге қоғамның белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның саяси және қоғамдық өміріндегі тарихи жаңғыру үдерістері халықтың көз алдында жүзеге асырылып жатыр.
Президент алдағы уақытта ел болашағын айқындайтын маңызды міндеттерді орындау жұмысы жалғасатынын жеткізді.