Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалауды тапсырды

Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалауды тапсырды
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың жұмысын жаңғыртып, бюрократиялық кедергілерді жою қажеттігін айтты. Президент басқару жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президенттің айтуынша, әрбір мемлекеттік орган өз міндеттерімен шектелмей, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәртібін жетік білуі керек. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қайталанатын міндеттерді қысқартып, басқару саласындағы қайшылықтарды жою қажет.

Мемлекет басшысы мемлекеттік мекемелерді қағазбастылықтан толық арылтып, маңызды шешімдердің дер кезінде қабылдануына кедергі келтіретін артық рәсімдерді қысқартуды тапсырды.

Сонымен қатар Президент мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығына назар аударды. Оның сөзінше, мемлекеттік аппараттағы мамандардың біліктілігі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу ұсынылды.

Тоқаев мемлекеттік қызметшілер Конституция талаптарын басшылыққа алып, ел мен халықтың мүддесіне адал қызмет етуге міндетті екенін атап өтті.

Президент бұл бағыттағы өзгерістер жекелеген шаралармен шектелмеуі керектігін жеткізді. Оның пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесіне көзбояушылық емес, нақты нәтиже беретін ауқымды реформа қажет. Мұндай өзгерістерді жүзеге асыру үшін құқықтық және қаржылық шаралар қабылдануға тиіс.

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Тоқаев мемлекеттік басқаруды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге сүйенген жаңа экономиканың талаптарына сай бейімдеу қажеттігін атап өтті.