Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ өкілімен балалар қауіпсіздігін талқылады

Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ өкілімен балалар қауіпсіздігін талқылады
https://t.me/oqu_agartu

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті. Тараптар балалардың құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан реформалар сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан заңнамалық өзгерістер мен балаларды қорғау тетіктеріне назар аударылды.

Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі бала құқықтарын қорғау жүйесінде қолға алынған жаңашылдықтарды таныстырды. Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталды.

Кездесуде балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше мән берілді. Атап айтқанда, өңірлерде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын күшейту, психологиялық қолдау орталықтарының қызметін жақсарту жолдары қарастырылды. Сонымен қатар көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсететін мекемелердің өзара байланысын нығайту мәселелері талқыланды.

Тараптар мектептердегі буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, оқушылар үшін қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру шараларына да тоқталды.

Бұдан бөлек, балалардың қиын жағдайға тап болған кезде жедел көмек алу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі көтерілді. Осы орайда «111» байланыс орталығының қызметіне де назар аударылды.