Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының 10 жылдығына арналған кәсіби хореографиялық оқу орындарының IV халықаралық "Temps lié" фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Өнер додасына әлемнің жетекші балет мектептерінің өкілдері, танымал өнер қайраткерлері мен жас бишілер қатысты. Фестиваль Astana Ballet театрының сахнасында "Раушан гүлі мен көбелектің романы" балетімен ашылды. Идеясын XX ғасырдың басында Мариус Петипа ұсынған туынды Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен және хореограф Василий Медведевтің қатысуымен қайта сахналанды. Қойылымда Академияның 130-ға жуық шәкірті өнер көрсетті.
Фестивальдің екінші күні шетелдік қонақтардың қатысуымен баспасөз мәслихаты мен гала-концерт ұйымдастырылды. Қазақстан, Қытай, Ресей, Бразилия, Мажарстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстаннан келген жас бишілер классикалық балеттен үзінділер орындап, ұлттық және заманауи билерді көрермен назарына ұсынды.
Халықаралық фестиваль "Академия түлектерінің жұлдызды жолы" атты гала-концертпен қорытындыланды. Мерейтойлық кеште бүгінде "Астана Опера", Astana Ballet театрлары мен "Гүлдер" ансамблінде еңбек етіп жүрген Академия түлектері өнер көрсетті. Концерт бағдарламасына "Щелкунчик", "Жизель", "Дон Кихот" және "Кармен" балеттерінен үзінділер, сондай-ақ ұлттық және заманауи би қойылымдары енді.
Халықаралық фестиваль жас өнерпаздардың шеберлігін шыңдап, түрлі елдің балет мектептері арасында тәжірибе алмасуға және шығармашылық байланысты нығайтуға жол ашты.