Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем ала алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы он айында 130,1 мың отбасыға жүктілік пен босануға байланысты 144,6 млрд теңге төленген.
Төлемді кімдер ала алады?
Әлеуметтік төлем жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдар жасаған әйелдерге, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды өз бетінше төлейтін жеке кәсіпкерлерге тағайындалады. Төлемді рәсімдеуге жүктіліктің 30-аптасынан бастап берілетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негіз болады. Өтінішті аталған құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру қажет.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
Әлеуметтік төлемді есептеу кезінде әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар есептелген орташа айлық табысы мен демалыс ұзақтығы ескеріледі. 2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың шекті мөлшері 595 мың теңгені құрайды. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге дейін өседі.
Демалыс ұзақтығына байланысты мынадай коэффициенттер қолданылады:
- Қалыпты босану кезінде (126 күн) – 4,2;
- Босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда (140 күн) – 4,67;
- Ядролық сынақ жүргізілген аймақтарда тұратын әйелдерге жоғары коэффициенттер қарастырылған.
Егер әйелдің жалақысы белгіленген шекті мөлшерден асса, еңбек немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайда айырмасын жұмыс беруші өтей алады.
Өтінішті қалай беруге болады?
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін табыс туралы қосымша анықтама жинаудың қажеті жоқ. Қажетті мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Электрондық еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін жүйе әйелдің төлем алу құқығын тексеріп, SMS-хабарлама жібереді.
Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы, банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе ХҚКО-ға барып беруге болады.