«Отбасыммен татуласқым келеді»: Ханзада Гарри әкесі мен ағасына қатысты ойын айтты

«Отбасыммен татуласқым келеді»: Ханзада Гарри әкесі мен ағасына қатысты ойын айтты
ЖИ арқылы жасалды

Ұлыбритания ханзадасы Гарри корольдік отбасымен арадағы өкпе-ренішті ұмытып, жақындарымен қайта табысқысы келетінін мәлімдеді. Ол әкесі, король III Чарльзбен және отбасының өзге мүшелерімен қарым-қатынасын қалпына келтіруге ниетті екенін айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жақында жұбайы Меган Маркл және екі баласымен Ұлыбританияға оралған Сассекс герцогі GQ журналына сұхбат беріп, жеке өміріндегі өзгерістер мен отбасындағы келіспеушіліктер туралы ашық әңгімеледі.

Ханзаданың сөзінше, әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар аясында адамдар арасындағы татулық пен түсіністіктің маңызы бұрынғыдан да арта түскен.

«Әлемде болып жатқан жағдайларды ескерсек, қазір ең маңыздысы – татуласу», – деді Гарри.

Ол ата-ана мен бала, сондай-ақ бауырлар арасындағы түсініспеушіліктер көптеген отбасында кездесетінін атап өтті.

«Біздің татуласқанымызды қаламайтын адамдар бар. Бірақ мен бәрінің жақсы болғанын қалаймын», – деді ханзада.

Осы сөзінен кейін Гарридің өкілі мәлімдеменің оның ағасы ханзада Уильямға немесе корольдік отбасының басқа мүшелеріне бағытталмағанын түсіндірді.

Гарри Ұлыбританияға не үшін оралды?

Сұхбат барысында ханзада елге қайтуының тағы бір маңызды себебін атады. Оның айтуынша, балаларының Ұлыбританияда білім алғанын қалаған. Гарри британдық мектепте оқудың балалары үшін қаншалықты маңызды екенін бастапқыда толық түсінбегенін мойындады.

«Мұның мен үшін соншалықты маңызды екенін білмеппін. Басында жай ғана байқап көреміз деп ойладым. Ал қазір балаларымыздың мектепке барғанына екі апта болды. Оларға қатты ұнап жатыр. Бұл олар үшін мүлде жаңа тәжірибе», – деді ол.

Ханзаданың айтуынша, балаларының жаңа ортаға бейімделуі отбасымен бірге Ұлыбританияға оралу туралы шешіміне оң әсер еткен.

Корольдік отбасындағы жанжал неден басталды?

Еске салайық, 2020 жылы ханзада Гарри мен Меган Маркл корольдік отбасының ресми міндеттерін атқарудан бас тартқан еді. Ерлі-зайыптылар алдымен Канадаға, кейін АҚШ-тың Калифорния штатына көшіп, алты жыл сонда тұрды. Осы кезеңде Гарридің әкесі III Чарльзбен және ағасы Уильяммен қарым-қатынасы нашарлай түсті.

Ханзада өзінің «Қосалқы» (Spare) атты өмірбаяндық кітабында корольдік отбасы ішіндегі келіспеушіліктерді ашық баяндап, ағасымен арадағы қарым-қатынасының қалай өзгергенін жазған.

2025 жылдың мамырында да Гарри жақындарымен татуласқысы келетінін көпшілік алдында мәлімдеген болатын. Алайда сол кезде король III Чарльз ұлының ұсынысына ашық жауап бермеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында монархтың Гарри айтқан сөздерге көңілі толмағаны туралы хабарлар тарады.

Гарри мен Меган корольдік міндеттеріне қайта орала ма?

2026 жылғы 26 тамызда Гарри мен Меганның балаларымен бірге Ұлыбританияға оралуы қоғамда түрлі болжам туғызды. Көпшілік олардың корольдік отбасы құрамындағы бұрынғы қызметіне қайта кірісуі мүмкін екенін талқылады.

Алайда III Чарльз ерлі-зайыптылардың мәртебесіне қатысты түсініктеме беріп, олардың корольдік міндеттерді қайта атқармайтынын мәлімдеді.

Соған қарамастан Гарри отбасымен арадағы байланысты қалпына келтіруден үміт үзбейтінін жеткізді. Оның басты тілегі – әкесімен және өзге жақындарымен бұрынғы ренішті артқа тастап, қайта тіл табысу.