Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдердің кейбір түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы беру кезінде отбасының бала саны немесе әлеуметтік мәртебесі ғана емес, нақты тұрмыстық жағдайы да ескеріледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, қазіргі жүйеде әлеуметтік мәртебесі бірдей отбасылардың материалдық жағдайы әртүрлі болғанына қарамастан, бірдей мемлекеттік қолдау алатын жағдайлар кездеседі. Жаңа өзгерістер осы айырмашылықты ескеріп, көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді. Мәселен, төрт баласы бар екі отбасын салыстырайық. Бірінші отбасының жеке баспанасы, қымбат автокөлігі, тұрақты табысы және кәсібі бар. Олардың тұрмыстық жағдайы жоғары болғандықтан, отбасы “А” санатына жатқызылуы мүмкін.
Ал екінші отбасында да төрт бала тәрбиеленіп жатыр. Алайда ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді, шағын пәтерде тұрады және қосымша табыс көздері жоқ. Мұндай отбасы әлеуметтік жағдайына қарай “С” санатына енуі мүмкін.
Осылайша, бала саны бірдей болғанымен, екі отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Бірі күнделікті қажеттіліктерін өз табысымен өтей алса, екіншісі үшін мемлекеттік жәрдемақының маңызы әлдеқайда жоғары.
Отбасылар бес санатқа бөлінеді
Жаңа жүйеде азаматтардың әлеуметтік жағдайын анықтау үшін Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Онда мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспанасы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі және несиелік міндеттемелері ескеріледі.
Бағалау нәтижесінде отбасылар бес санатқа жіктеледі:
А санаты – әл-ауқаты жоғары отбасылар;
В санаты – ауқатты отбасылар;
С санаты – тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлық отбасылар;
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар;
Е санаты – экономикалық және әлеуметтік жағдайы осал отбасылар.
Министрлік отбасының атында пәтер немесе автокөлік болуы оны бірден ауқатты санатқа енгізуге негіз болмайтынын атап өтті. Шешім барлық әлеуметтік және экономикалық көрсеткішті кешенді бағалау арқылы қабылданады.
Қандай отбасылар жәрдемақыдан қағылуы мүмкін?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріледі.
Жаңа талапқа сәйкес, заңда қарастырылған ерекше жағдайларды қоспағанда, “А” және “В” санатына жататын отбасыларға аталған төлемдер берілмейді. Ал “С”, “D” және “Е” санатындағы азаматтар белгіленген талаптарға сай келген жағдайда мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды.
Дегенмен өзгерістер барлық әлеуметтік төлемге қатысты емес. Республикалық бюджеттен төленетін тағы 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудың қолданыстағы тәртібі өзгеріссіз қалады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қаражатты тиімді жұмсап, әлеуметтік көмекті оған шынымен мұқтаж отбасыларға жеткізу. Осылайша, алдағы уақытта жәрдемақы тағайындауда азаматтың ресми мәртебесінен гөрі отбасының нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайына көбірек мән беріледі.