«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 22 қазанда еліміздегі республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы туралы мәлімет берді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
22 қазан күні сағат 08:00-ден бастап Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» тасжолының бір бөлігінде көлік қозғалысына рұқсат берілді.
Атап айтқанда, Үшановское ауылынан Алтай қаласына дейінгі 7–166 шақырым аралығындағы шектеу алынды.
Дегенмен бұл жолмен тіркемесі немесе жартылай тіркемесі бар жүк көліктеріне, сондай-ақ жазғы дөңгелекпен жүрген автокөліктерге қатынауға әлі де тыйым салынған.
Қай жолдарда шектеу сақталып отыр?
22 қазан сағат 08:00-дегі мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облысындағы «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы» (KAZ-08) тасжолының екі бөлігінде жазғы дөңгелекпен жүруге шектеу күшінде қалды.
Атап айтқанда:
1089–1191 шақырым: Өскемен қаласынан Шемонаихаға дейін;
1194–1212 шақырым: Шемонаиха қаласынан Ресей шекарасына дейін.
Аталған жол бөліктерінде көлік қозғалысына шектеу 20 қазан күні сағат 20:00-де енгізілген. Бұған қар жауып, жолдың көктайғаққа айналуы себеп болды.
Мамандар жүргізушілерге сапарға шығар алдында ауа райын және жолдағы шектеулерді ескеруге кеңес береді.
Сонымен қатар 21 қазаннан бастап «Қонаев – Талдықорған» тасжолында көліктің орташа жылдамдығын бақылайтын камералар іске қосылғанын еске саламыз. Осылайша, елімізде орташа жылдамдықты асырған жүргізушілер тіркелетін республикалық жол бөліктерінің саны 16-ға жетті.