Airbnb тұрғын үйді жалға беру тәртібіне өзгеріс енгізді. Енді баспана иелері қонақтардан ыдыс жууды, төсек жаймаларын шешуді немесе қоқысты сыртқа шығаруды міндеттей алмайды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның жаңартылған ережесіне сәйкес, тұрғын үй иелері қонақтарды барлық талаппен алдын ала таныстыруы тиіс. Баспана брондалғаннан кейін қосымша міндет жүктеуге немесе келісімде көрсетілмеген қызметтер үшін ақы сұрауға болмайды.
Қонақтар қандай жұмыстарды орындауға міндетті емес?
Жаңа тәртіп бойынша баспана иелері қонақтардан арнайы тазалық қызметкерлері атқаратын жұмыстарды талап ете алмайды. Мәселен, барлық ыдысты жууды, төсек-орын жабдықтарын шешуді немесе қоқысты үйден тыс жерге тасуды міндеттеуге тыйым салынады.
Сондай-ақ тұрғын үйді жалға берушілердің мынадай әрекеттеріне шектеу қойылады:
Заңды негізсіз қосымша келісімшартқа қол қоюды немесе құжат ұсынуды талап етуге болмайды.
Хабарландыруда көрсетілген тұрмыстық қолайлылықтарды пайдалануға кедергі жасауға тыйым салынады.
Үй ережесін бұзған қонақтарға өз бетінше айыппұл салуға рұқсат етілмейді.
Таңғы ас сияқты ақылы қызметтер мен қосымша төлемдер туралы алдын ала ескертілуі керек.
Үй иелері қандай талап қоя алады?
Жаңа ереже баспана иелерінің барлық шектеуін алып тастамайды. Олар үй ішінде темекі шегуге, шулауға немесе алдын ала келісілмеген адамдарды ертіп келуге тыйым сала алады. Дегенмен қойылатын талаптар орынды әрі Airbnb ережелеріне сай болуы қажет. Ал қонақтар тұрғын үйді пайдалану тәртібін сақтауға міндетті.
Егер жалға алушы белгіленген ережелерді бұзса, үй иесі Airbnb қолдау қызметіне шағымдана алады. Ереже өрескел немесе бірнеше рет бұзылған жағдайда компания тиісті шара қолдануы мүмкін.
Жаңа ереже қашан күшіне енеді?
Airbnb мәліметінше, жаңартылған талаптар 2026 жылғы 20 қарашадан бастап рәсімделетін барлық брондауға қолданылады.
Осылайша, баспана иелері қонақтарға алдын ала келісілмеген қосымша міндет жүктей алмайды. Ал жалға алушылар үйдің белгіленген тәртібін сақтауы тиіс.