Ақмолалық өнерпаздар Үндістан мен Ресей сахнасында өнер көрсетті

Ақмолалық өнерпаздар Үндістан мен Ресей сахнасында өнер көрсетті
Gov.kz

Республика күніне орай Ақмола облысының өнер ұжымдары Үндістан мен Ресейде мерекелік концерт қойып, шетелдік көрермендерді қазақтың ұлттық музыкасы мен мәдениетімен таныстырды. Іс-шаралар Қазақстанның осы елдердегі елшіліктерінің ұйымдастыруымен және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен концертте Зеренді ауданындағы «Арқа әуені» халықтық фольклорлық ансамблі мен Қосшы қаласының «Тарту» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ сахнаға Диана Байзолла, Аслан Мұхамедьяров, Айдын Хамза және Дінмұхаммед Амалбек шықты. Қазақстандық өнерпаздар халық әндері мен ұлттық музыкалық шығармаларды орындап, көрермендерге қазақ өнерінің ерекшелігін таныстырды. Концерт барысында ұлттық дәстүр мен музыкалық мұраға ерекше көңіл бөлінді.

Бұл сапар «Арқа әуені» және «Тарту» ансамбльдері үшін маңызды оқиға болды. Себебі екі ұжым да шетелдегі мәдени іс-шараға алғаш рет қатысып, халықаралық сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Ресейде де қазақтың ұлттық музыкасы шырқалды

Республика күніне арналған тағы бір мерекелік концерт Ресейде ұйымдастырылды. Онда Целиноград ауданының Мәдениет үйі жанындағы «Тұмар» этно-эстрадалық ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар Олжас Сүлеймен, Бекаділ Мектепбергенов, Азамат Сәкенов, Ермек Қасым, Гүләйша Аманжол және Айнұр Байнулдинова концерттік бағдарламаға қатысты.

Өнерпаздар шетелдік көрермендерге қазақтың ұлттық шығармаларымен қатар әлемдік классикалық музыка туындыларын да ұсынды. Осы арқылы еліміздің музыкалық өнерінің сан қырлы екенін көрсетті.

Үндістан мен Ресейде өткен концерттер Республика күніне арналған мәдени іс-шаралардың бір бөлігі болды. Мұндай халықаралық кездесулер қазақ өнерін шетелде танытуға, ұлттық музыканы насихаттауға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.