Түрікменстан астанасы Ашхабадта «Ғасырлар қойнауынан: фотосуреттердегі қазақ мәдениеті» атты халықаралық фотокөрме ашылды. Көрмеге қазақ халқының өткен өмірінен сыр шертетін 31 тарихи фотосурет қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мәдени шара Ұлы Сапармұрат Түрікменбашы атындағы Бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына музей басшылары, БҰҰ мен ЕҚЫҰ өкілдері, дипломаттар, журналистер және қала тұрғындары қатысты.
Көрменің басты мақсаты – Түрікменстан жұртшылығын XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен және мәдени мұрасымен таныстыру.
Көпшілік назарына ұсынылған 31 фотосуретте қазақтардың күнделікті өмірі, ұлттық киімдері, қолөнері мен дәстүрлі кәсіптері бейнеленген. Сондай-ақ тарихи суреттерден халқымыздың әшекей бұйымдарын, баспанасын, тұрмыстық заттары мен қару-жарақтарын көруге болады.
Музей қорларында сақталған бұл құнды фотосуреттер келушілерге қазақ халқының бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы өмірінен мағлұмат береді.
Халықаралық фотокөрме 2026 жылғы 28 қазанға дейін жалғасады.