Елордадағы «Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру қарсаңында нысанның қолжетімділігі тексерілді. Мамандар вокзалдың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қаншалықты ыңғайлы екенін бағалады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тексерудің басты мақсаты – жолаушылардың вокзал аумағында кедергісіз қозғалуына жағдай жасалғанын анықтау және ғимарат ашылғанға дейін кемшіліктерді жоюға қатысты ұсыныстар әзірлеу.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен мердігер ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі мен «Вездеходы» командасының мүшелері тексеруге атсалысты.
Мамандар вокзалға кіретін жолдарды, ғимараттың кіреберістерін, ішкі қозғалыс бағыттарын, санитарлық бөлмелерді және перрондарға шығатын өткелдерді қарап шықты. Бұдан бөлек, билет кассаларының, қабылдау орындарының және жүріп-тұруы қиын жолаушыларға арналған демалыс бөлмелерінің қолжетімділігі бағаланды. Әсіресе есіктердің ыңғайлы ашылуына, жолаушылардың ғимарат ішінде өздігінен бағдар табуына және қауіпсіз қозғалуына назар аударылды.
Тексеру қорытындысында жауапты мамандар вокзалдың қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс берді. Енді тапсырыс беруші мен мердігер ұйым нысан пайдалануға берілгенге дейін анықталған ескертулерді ескеріп, қажетті түзетулер енгізе алады.
Қазақстанда қолжетімділік талаптарына қатысты 259 өтініш мақұлданбаған
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат аясында әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдар нысандардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында аумақтық департаменттерге осындай декларацияларды келісу үшін 562 өтініш түскен.
Оның ішінде:
147 өтініш (26%) келісілген;
259 өтініш (46%) бойынша келісуден бас тартылған;
156 өтініш (28%-ға жуық) қаралу үстінде.
Мамандардың айтуынша, нысандарды пайдалануға бермей тұрып тексеру жүргізу ықтимал кедергілерді алдын ала анықтауға және оларды жоюға мүмкіндік береді.
«Астана-1» вокзалында ұйымдастырылған бірлескен тексеру де осы мақсатты көздейді. Жауапты тараптар ұсыныстарды ескере отырып, теміржол вокзалында барлық жолаушы үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға күш салмақ.