Тараз қаласындағы Достық үйінде республикалық дүнген этномәдени бірлестігі жанындағы «Аналар алқасы» кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Жиында мемлекеттік тілді үйрену, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ қоғамдық жобаларға белсенді қатысу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында кеңес мүшелері жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отбасындағы үлкендердің рөлі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар республикалық бастамаларға қатысу және олардың қоғамға тигізетін пайдасы сөз болды.
Жиында «Кітап оқитын ұлт» марафонына да назар аударылды. Қатысушылар отбасымен бірге кітап оқу балалардың білімге құштарлығын арттырып қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Отырыс соңында «Аналар алқасының» алдағы жұмыс бағыттары талқыланып, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына қатысты бірқатар ұсыныс айтылды