Астанада Шымкент шеберлерінің бұйымдары 5 млн теңгеге сатылды

Астанада Шымкент шеберлерінің бұйымдары 5 млн теңгеге сатылды
https://t.me/madenietaqparat

Астанада Шымкент қаласының шығармашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шараға 3,5 мың адам келіп, жергілікті кәсіпкерлер 5 миллион теңгеден астам сомаға өнім сатты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

24–25 қазан күндері елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында Шымкенттің креативті индустрия өкілдері бас қосты. Жәрмеңке Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында өтті.

Іс-шараға қолөнершілер, дизайнерлер, өнер адамдары және тың технологиялық бастамалардың авторлары қатысты. Олар өз өнімдерін көпшілікке таныстырып, жаңа тұтынушылар табуға мүмкіндік алды.

Ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды

Жәрмеңкеде шымкенттік шеберлердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, ерекше үлгідегі әшекейлер, кілемдер мен тұрмыстық заттар қойылды. Келушілер қыш, киіз, тері және ағаштан жасалған түрлі бұйымдарды тамашалап, ұнағандарын сатып алды. Сондай-ақ заманауи технологияларға негізделген жобалар да таныстырылды.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – өңірдегі шығармашылық кәсіп иелерін қолдап, олардың өнімдерін елорда тұрғындарына кеңінен таныстыру.

Шымкент өнерпаздары Астана сахнасында өнер көрсетті

Жәрмеңке аясында мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. «Қаратау» музыкалық ансамблі көрермендерге өнерін ұсынды. Ал Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры композитор Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымын сахналады.

Республика күні қарсаңында өткен шараның екінші күні анимация өнеріне арналды. «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» және «Ахмет» мультфильмдері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар келушілер ұлттық әшекей бұйымдарын жасау, киіз өңдеу және құрақ көрпе құрау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

Екі күнде 5 млн теңгеден астам өнім сатылды

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, екі күн ішінде жәрмеңкені 3 500 адам тамашалаған. Осы уақыт аралығында шығармашылық кәсіпкерлердің сатылымы 5 миллион теңгеден асқан. Жоба шымкенттік шеберлерге өнімдерін өзге өңірде таныстыруға, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға және сауда аясын кеңейтуге жағдай жасады.

Айта кетейік, Creative Aimaq бастамасы өңірлік брендтерді дамытуға, шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауға және қазақстандық өнімдердің нарықтағы мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.