Қытай астанасы Бейжіңде Республика күніне орай қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен турнир өтті. «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты шараға қазақстандықтармен қатар Қытай азаматтары да қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
25 қазанда Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында өткен іс-шара ұлттық ойынды шетелде танытуға және екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.
Шара Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Қазақстанның Тоғызқұмалақ спорты федерациясы атсалысты.
Жиынға дипломатиялық корпус өкілдері, студенттер, білім және мәдениет саласының мамандары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жиналды. Шеберлік сабағында 50-ге жуық адам тоғызқұмалақтың шығу тарихы мен ойын тәртібі туралы мәлімет алып, өзара ойын өткізіп көрді.
Турнирге барлығы 32 ойыншы қатысып, олардың екеуі Қазақстан азаматы болды. Жарыс қорытындысында 13 жастағы қазақстандық жасөспірім жеңімпаз атанды. Ал екінші және үшінші орындарды Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қытайлық студенттері иеленді.
Жүлделі орын алған қатысушыларға Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсынның атынан арнайы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар іс-шара барысында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы мен Қазақстанның Тоғызқұмалақ спорты федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында Қытайда тоғызқұмалақ ойынын кеңінен таныстыру, бірлескен мәдени, білім беру және спорттық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылар бұл бастама қазақтың ұлттық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға және тоғызқұмалаққа қызығушылық танытатын шетелдік ойыншылар қатарын арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.