Еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде осы аптада тұрғындарға 7,5 мың тоннадан астам азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылды. Оның 3 мың тоннадан астамы елордаға жеткізілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жәрмеңкелердің басты мақсаты – халықты қолжетімді бағамен сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және отандық шаруаларды қолдау. Мұнда фермерлер өнімдерін делдалдардың қатысуынсыз тікелей сатып алушыларға ұсынады.
Осындай ірі сауда алаңдарының бірі Астанада жұмыс істейді. Елордаға еліміздің түрлі өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін тұрақты түрде жеткізіп отырады. Атап айтқанда, 24-25 қазанда «Қазанат» ипподромының аумағында Қарағанды және Қостанай облыстарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған екі өңірден 140-тан астам фермер мен кәсіпорын қатысты. Сатылымға шығарылған өнімнің жалпы көлемі 3 мың тоннадан асты.
Айта кетейік, Астанада өңіраралық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 19 қыркүйектен бастап өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде елорда тұрғындары бірнеше облыстың өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, 19-20 қыркүйекте Қызылорда мен Атырау облыстарының шаруалары өз тауарларын ұсынса, 3-4 қазанда Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының өндірушілері қатысты.
Ал 10-11 қазанда Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының фермерлері келді. 17-18 қазанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдері сатылымға шығарылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Дала дәмі» жәрмеңкелері өңірлер арасындағы сауда байланысын нығайтып, қазақстандық өндірушілердің өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Сонымен қатар мұндай сауда алаңдары тұрғындарға күнделікті тұтынатын азық-түлікті тікелей өндірушіден сатып алуға жағдай жасайды.