26 қазаннан бастап еліміздің мектептерінде күзгі демалыс басталды. Оқушылар бір апта тынығып, 2 қарашада қайта сабаққа кіріседі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
2026-2027 оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталып, мектеп оқушылары күзгі демалысқа шықты. Демалыс 26 қазан мен 1 қараша аралығын қамтиды және жеті күнге созылады.
Осы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ерекше көңіл бөлінбек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазір Қазақстанда 2,9 мыңға жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, спорт мектептері мен түрлі шығармашылық орталықтар бар. Бұл мекемелер балалардың қабілетін шыңдап, қызығушылығына қарай дамуына жағдай жасайды.
Күзгі демалыста оқушылар отбасымен бірге уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен шұғылданып немесе шығармашылық үйірмелерге қатыса алады. Сонымен қатар мектептер балалардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастыра алады. Алайда мұндай шараларға қатысу міндетті емес. Әр оқушының қызығушылығы мен отбасының жоспары ескерілуі керек. Сондай-ақ демалыс кезіндегі іс-шаралар мұғалімдерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмеуге және артық есептілік талап етпеуге тиіс.
Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда болады. Ұйымдастырылатын шараларға жауапты қызметкерлер алдын ала белгіленіп, оқушылардың қатысуы ата-аналарымен келісілуі қажет. Ал мектептен тыс өткізілетін іс-шараларда балалардың жанында жауапты ересектер болуы тиіс.
Мамандар ата-аналарға демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді ескертеді. Әсіресе үйде, көшеде және интернетте сақтық шараларын түсіндіріп, олардың бос уақытын бақылауда ұстау маңызды.
Еске сала кетейік, күзгі демалыс 1 қарашада аяқталып, 2 қараша, дүйсенбі күні екінші тоқсан басталады.