Қазақстанда доллар бағамы 450 теңгеге дейін төмендеді. 10 қыркүйектегі сауда қорытындысы бойынша АҚШ валютасының Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа сараланған бағамы 450,79 теңге болды. Бұл алдыңғы сауда күніндегі көрсеткіштен 5,82 теңгеге төмен, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Осылайша доллар бағамы 2024 жылғы маусымнан бергі ең төмен деңгейге түсті. Ол кезде америкалық валюта 450 теңге шамасында саудаланған.
Қазақстан Ұлттық банкінің 10 қыркүйекке белгілеген ресми бағамы 1 доллар үшін 456,89 теңге болды.
Сонымен қатар 10 қыркүйек күні айырбастау орындарында доллар бағамы 450 теңгеден де төмендеді.
Алматыдағы айырбастау орындарындағы орташа бағам:
- долларды сатып алу – 448,01 теңге;
- сату – 450,79 теңге.
Астанадағы орташа бағам:
- сатып алу – 447,09 теңге;
- сату – 454,11 теңге.
Теңге бағамына не әсер етеді?
Бұған дейін экономистер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімінің теңге бағамына ықпалын бағалаған еді.
4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешімнің өзі доллардың күрт қымбаттауына әкелмейді.
Теңге бағамына мұнай бағасы, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай, импортқа деген сұраныс және Ұлттық банктің валюталық нарықтағы әрекеттері де әсер етеді.
Экономистердің айтуынша, қысқа мерзімде теңге бағамы нарықтағы өзгерістерге байланысты құбылуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімді перспективада инфляция деңгейі, сауда балансы, бюджет саясаты және шикізат бағасы негізгі факторлардың қатарында қалады.