Қазақстанда шипажайда ем алып, тынығу құны өңірге және демалыс орнының жағдайына қарай айтарлықтай өзгереді. Кей қалаларда тәулігіне 10 мың теңгеге демалуға мүмкіндік болса, енді бірінде баға 200 мың теңгеге дейін жетеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еліміздегі шипажайлардың бағасына жүргізілген шолу бір өңірдің өзінде арзан әрі қымбат демалыс орындары қатар кездесетінін көрсетті. Құнына көрсетілетін емдік шаралар, тамақтану, бөлменің жайлылығы және қосымша қызметтер әсер етеді.
Ең арзан шипажайлар қай қалаларда?
Қазақстанда шипажайда демалудың ең төменгі бағасы Қарағанды, Қостанай және Қонаев қалаларында тіркелген. Бұл қалаларда бір тәулікке 10 мың теңгеден басталатын ұсыныстар бар. Алайда бағалардың жоғарғы шегі әртүрлі. Мәселен, Қарағандыда шипажай қызметі тәулігіне 98 мың теңгеге, Қостанайда 96 мың теңгеге дейін барады. Ал Қонаевта ең қымбат ұсыныстардың құны 180 мың теңгеге жетеді.
Алматы мен Астанада баға қанша?
Шипажайда демалудың ең жоғары бағасы Алматыда байқалады. Мұнда бір тәуліктің құны 20 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді.
Астанада шипажай қызметінің бағасы 12 мыңнан 180 мың теңгеге дейін өзгерсе, Қонаевта 10 мыңнан 180 мың теңгеге дейін барады.
Көкшетауда бір күндік демалыс пен ем қабылдау үшін 20 мыңнан 125 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді.
Түркістанда шипажай бағасы 20–95 мың теңге аралығында болса, Павлодарда 22 500 теңгеден басталып, 68 мың теңгеге дейін жетеді.
Қай өңірлерде баға қолжетімді?
Кей қалаларда шипажай қызметінің ең төменгі және ең жоғары бағасының айырмашылығы аса үлкен емес. Мәселен, Оралда бір тәулік 25–35 мың теңге, Талдықорғанда 22–30 мың теңге тұрады.
Ақтау мен Таразда шипажай бағасы 17 500 теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді. Жезқазғанда 15–25 мың теңге, ал Шымкентте 17–25 мың теңге аралығында.
Өзге қалалардағы тәуліктік бағалар мынадай:
Атырау: 18 500–42 000 теңге;
Ақтөбе: 20 000–50 000 теңге;
Өскемен: 20 000–50 000 теңге;
Семей: 18 000–47 000 теңге;
Петропавл: 17 500–30 000 теңге;
Қызылорда: 25 000–50 000 теңге.
Шипажай таңдағанда нені ескеру керек?
Мамандар шипажай таңдағанда тек бағасына қарап шешім қабылдамауға кеңес береді. Себебі кей демалыс орындарында емдік шаралар мен тамақтану жалпы құнға кірсе, басқаларында олар үшін бөлек ақы төлеу қажет болуы мүмкін. Сондықтан жолдама сатып алмас бұрын қандай ем түрлері ұсынылатынын, күніне неше мезгіл тамақ берілетінін және қосымша қызметтердің ақылы немесе тегін екенін анықтап алған жөн.
Жалпы, ұсынылған қалалар арасында ең арзан шипажайларды Қарағанды, Қостанай және Қонаевтан табуға болады. Ал ең қымбат демалыс орындары Алматы, Астана және Қонаев қалаларында орналасқан.