Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шара барысында табиғатты қорғау мен орман қорын сақтауға үлес қосқан мамандарға мемлекеттік органның ведомстволық марапаттары табысталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мерекелік іс-шараға министрлік өкілдері, орман шаруашылығы саласының мамандары, табиғат қорғау ұйымдарының қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Жиында министр орманшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еліміздің табиғи байлығын сақтау, орман алқаптарын қорғау және биоәртүрлілікті қамтамасыз ету жолындағы еңбегін атап өтті.
Саланың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге министрдің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ үздік мамандар «Орман шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Салтанатты жиында өмірінің көп бөлігін табиғатты қорғауға арнаған ардагерлерге де ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көпжылдық тәжірибесі мен еңбегінің жас мамандар үшін маңызы зор екені айтылды.
Министрлік орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнделікті жұмысы елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды сақтауға және оларды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталғанын атап өтті.