Құрылтайда Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
24 қарашада өткен жиынға Құрылтай төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров төрағалық етті. Отырысқа Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев та қатысты. Жұмыс тобы Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында құрылған. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар енген.
Жиында жаңа кодекстің мақсаты, міндеттері мен негізгі бағыттары талқыланды. Әділет министрінің айтуынша, қолданыстағы заңнаманың тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген нормалары сақталады. Ал жаңа құжатта адам және оның құқықтары басты назарда болады. Сондай-ақ меншік нысандарының теңдігін қамтамасыз етуге, шарт жасасу еркіндігіне, азаматтық қатынастардағы адалдық қағидатына және цифрлық экономиканы дамытуға басымдық беріледі.
Жаңа кодекс кезең-кезеңімен әзірленіп, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен кеңінен талқыланады.
Бұдан бөлек, азаматтардың заң жобасын әзірлеуге қатысуына мүмкіндік жасалды. Әділет министрлігінің ресми сайтында "ҚР Азаматтық кодексінің жобасы" атты арнайы бөлім ашылды. Қазақстандықтар жаңа кодекске қатысты ұсыныстары мен ескертулерін civil.code@adilet.gov.kz электрондық поштасына жолдай алады.