Қазанда Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылды

Қазанда Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылды
Gov.kz

21–23 қазан аралығында Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақстан киносы күндері өтті. Үш күнге созылған мәдени шарада көрермендерге отандық режиссерлердің туындылары ұсынылды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ кино өнерін таныстыру және Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланысты нығайту, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кинокөрсетілімдер Қазан қаласындағы «Мир» кинотеатрында ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Татарстан мәдениет министрінің бірінші орынбасары Юлия Әдғамова, өнер саласының өкілдері, журналистер мен қала тұрғындары қатысты.

Қазақстан киносы күндерінің бағдарламасына «Алматы, мен сені сүйемін!», «Паралимпиадашы» және «Бүркітші» атты үш көркем фильм енді.

21 қазанда көрермендер «Алматы, мен сені сүйемін!» және «Паралимпиадашы» фильмдерін тамашалады. Ал 23 қазанда режиссер Қуаныш Стахановтың «Бүркітші» туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Кинокөрсетілімдермен қатар шығармашылық кездесулер де ұйымдастырылды. «Паралимпиадашы» фильмінде ойнаған актер Жалғас Жанғазин мен «Бүркітші» фильмінің режиссері Қуаныш Стаханов көрермендермен жүздесті.

Кездесу барысында өнер иелері фильмдердің қалай түсірілгенін, түсірілім алаңында кездескен қызықты жайттарды айтып берді. Сондай-ақ жиналған қауымның сұрақтарына жауап беріп, кино саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Мәдени шараға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өкілі, киноөндірісті техникалық қамтамасыз ету қызметі басшысының орынбасары Серікбол Өтепбергенов те қатысты.

Қазақстан киносы күндері отандық фильмдерді шетелдік көрермендерге таныстыруға және екі елдің мәдени ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік берді.