Қазақстанда бала күтіміне байланысты демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа оралған аналар әлеуметтік төлем алу құқығын сақтай алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде айтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа нормаға сәйкес, баласы бір жарым жасқа толмаған әйел ресми түрде жұмысқа орналасса немесе бұрынғы қызметіне қайта кіріссе де, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен тағайындалған бала күтіміне байланысты төлемді алуды жалғастыра алады. Мәселен, анасы сәбиі сегіз айға толғанда жұмысқа шығуды шешсе, бұл оның әлеуметтік төлемінен айырылатынын білдірмейді. Егер төлем тағайындаудың бастапқы талаптары сақталса, қаражат бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріле береді.
Бұл мүмкіндік әйелдердің еңбек қызметін жалғастыруына және отбасылық табысын сақтауға жағдай жасауға бағытталған.
Дегенмен аталған тәртіп барлық мемлекеттік жәрдемақыға қатысты емес. Ол тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы тағайындалатын бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемге қолданылады.
Осылайша, аналар баласы 1,5 жасқа толғанша үйде отыру немесе жұмысқа ерте шығу арасында таңдау жасағанда, тағайындалған әлеуметтік төлемнен айырылмау мүмкіндігіне ие болады.