Солтүстік Қазақстанда 128 спорт нысаны салынып, 28 нысан жөнделді

Солтүстік Қазақстанда 128 спорт нысаны салынып, 28 нысан жөнделді
Gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарға арналған спорт нысандарының санын көбейту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір өңірде 227,4 мың адам, яғни халықтың 44,2 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жиында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау және балалар мен жастарды спортқа тарту мәселелері талқыланды.

Соңғы үш жылда өңірдегі спорт саласына бөлінетін қаржы 26 пайызға артқан. Осы кезеңде саланы дамытуға 42 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталып, 128 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, 28 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2022–2025 жылдар аралығында облыс аудандарындағы жеті спорт залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал биыл екі модульдік спорт залы ашылды.

Ауылдық жерлерде де спорт алаңдарын салу жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауымен биыл жоспарланған 52 шағын футбол алаңының 44-і салынып бітті.

Петропавлда жаңа спорт кешендері бой көтереді

Облыс орталығында ірі спорт нысандарын салу жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, Петропавлда көпфункционалды мұз аренасының құрылысы басталды.

Жоба бойынша мұнда конькимен жүгіруге арналған 400 метрлік жол, халықаралық талаптарға сәйкес келетін екі хоккей алаңы және керлинг ойнауға арналған үш жолақ болады. Сонымен қатар қалада 7 мың көрерменге арналған әмбебап спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Оның құрамында 50 метрлік жүзу бассейні мен спорттың әртүрлі бағыттарына арналған сегіз мамандандырылған зал қарастырылған.

Бұдан бөлек, футбол академиясы орналасатын 5 мың орындық жабық стадионның жобасы әзірленіп жатыр.

Спорт инфрақұрылымын кеңейтуге жеке инвесторлар да қатысуда. Мәселен, «Харвест Агро Холдинг» компаниясы дзюдо орталығы бар қонақүй кешенін салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Оған 7,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ инвесторлармен бірлесіп, Петропавлдың Береке шағын ауданында «Қызылжар Жеңіс Дзюдо» спорт орталығын салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Өңірде инклюзивті спорт орталығы ашылады

Облыста ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасауға да көңіл бөлініп отыр.

«Самұрық-Қазына» қорының қаржысына бассейні мен спорт залдары бар Инклюзивті спорт орталығы салынып жатыр. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталуға тиіс.

Қазіргі уақытта өңірде спорттың 20 басым бағыты белгіленген. Оның алтауы жазғы, төртеуі қысқы және оны ұлттық спорт түрлеріне жатады.

Әкімдік отырысының қорытындысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ұлттық спорт түрлерін дамытуға арналған үш жылдық жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, аудандарда жүзу бассейндерін салу жоспарын дайындау міндеті қойылды.

Облыс басшысы мектептердегі шаңғы жабдықтарының жағдайын тексеріп, жетіспейтін құралдарды анықтауды және дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруды тапсырды.

Ғауез Нұрмұхамбетов жаңадан салынған спорт нысандары тиімді пайдаланылып, әсіресе ауыл жастары мен балалардың спортпен шұғылдануына барынша қолайлы жағдай жасалуы керектігін атап өтті.