Алматы облысында жыл бойғы демалыс инфрақұрылымы дамып келеді

Алматы облысында жыл бойғы демалыс инфрақұрылымы дамып келеді
Gov.kz

Алматы облысында туризм саласы қарқынды дамып, тұрғындар мен саяхатшыларға арналған демалыс орындарының инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Өңірдің табиғи ерекшеліктері мен тау бөктеріндегі туристік кешендер жылдың төрт мезгілінде де демалуға қолайлы жағдай қалыптастыруда, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысындағы орналастыру орындары 658,5 мың туристке қызмет көрсеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 29,8 пайызға жоғары. Қазіргі уақытта өңірде туристерді қабылдайтын 283 орналастыру орны жұмыс істейді.

Туристік инфрақұрылымның дамуына Талғар тауларының етегінде орналасқан AQUASIA RESORT демалыс кешені мысал бола алады. Мұнда келушілердің жайлы демалуы үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Кешен аумағында швейцариялық шале стилінде салынған 49 демалыс үйі орналасқан. Сондай-ақ мейрамхана, SPA аймағы, бассейндер, балаларға арналған ойын алаңы және түрлі мерекелік әрі көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған орындар қарастырылған.

Демалыс орнының басты ерекшелігі – келушілерді жыл бойы қабылдау мүмкіндігі. Жаз мезгілінде туристер аквапарктегі су сырғанақтары мен бассейндерді пайдалана алады. Ал қыста ашық аспан астындағы жылытылатын бассейн, монша кешені, тюбинг сырғанағы және шаңғы тебуді үйрететін мектеп жұмыс істейді.

Белсенді демалысты қалайтындар үшін де түрлі мүмкіндіктер ұсынылған. Атап айтқанда, пейнтбол ойнауға, нысана көздеп атуға, атпен серуендеуге болады. Бұдан бөлек, туристер квадроциклдер мен қарда жүретін көліктер арқылы Талғар тауларының көрікті жерлерін аралай алады.

Мұндай туристік нысандардың көбеюі өңір экономикасына да оң әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлердің қызметін дамытуға және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.

Мамандар үшін маңызды бағыттардың бірі – туризмнің маусымдық сипатын азайту. Жыл бойы жұмыс істейтін демалыс кешендерінің дамуы саяхатшылардың өңірде ұзақ уақыт аялдауына жағдай жасап, Алматы облысының ішкі және халықаралық туризмдегі тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.