Жетісуда республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылды

Жетісуда республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылды
https://t.me/madenietaqparat

Жетісу облысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еріктілердің қатысуымен «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет.» республикалық слеті өтті. Жиын волонтерлік қозғалысты дамытуға және жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуын арттыруға арналды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ауқымды іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 70 ерікті, жастар ұйымдарының өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысты.

Слет барысында қатысушылар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, еріктілер жұмысын тиімді ұйымдастыру және жастарды қоғамдық өмірге белсенді тарту жолдарын талқылады. Арнайы ұйымдастырылған сараптамалық кездесулер мен интерактивті сессияларда өңірлердегі нәтижелі жобалар таныстырылып, тәжірибе алмасты.

Бағдарлама тек пікір алмасумен шектелген жоқ. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында еріктілер Талдықорған қаласында 20 көшет отырғызды. Сондай-ақ Текелі қаласында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акция ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта Жетісу облысында 13 волонтерлік ұйым және 18 бастамашыл топ жұмыс істейді. Олардың құрамында 1 100-ден астам ерікті бар.

Жыл басынан бері өңірде волонтерлердің қатысуымен 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткен. Экология, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау бағыттарын қамтыған бұл бастамаларға 50 мыңға жуық адам атсалысқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық слет еріктілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өңірлердің өзара тәжірибе алмасуына және қоғамға пайдалы жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.