Атырау қаласында медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған екі күндік оқыту семинары өтіп жатыр. Іс-шара «Бітімгершілік мәдениеті: қоғамдық келісім мен бірліктің негізі» атты республикалық форум аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
27-28 қазан күндеріне жоспарланған «Медиация негіздері және қақтығыстарды басқару» семинарында қатысушылар келіспеушіліктерді реттеудің тиімді жолдарын меңгеріп, даулы мәселелерді бейбіт келісім арқылы шешу дағдыларын жетілдіреді.
Оқыту бағдарламасында қақтығыстардың алдын алу, тараптар арасында өзара түсіністік орнату және нәтижелі келіссөз жүргізу тәсілдеріне басымдық берілген.
Сонымен қатар семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, түрлі даулы жағдайларда екі тараптың да мүддесін ескеретін ортақ шешімге келу жолдарын тәжірибе жүзінде қарастырады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – елімізде медиация институтының рөлін арттыру, қоғамда дау-жанжалдарды келісім арқылы шешу мәдениетін дамыту және азаматтар арасындағы өзара сенім мен татулықты нығайту.