Алматыда 26 қазанда Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының шымылдығы түрілді. Өнер додасына еліміздің әр өңірінен іріктелген 22 әнші қатысып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мәдени шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Байқаудың басты мақсаты – қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өнерін насихаттау, ұлттық әншілік дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит сынды халық композиторларының шығармаларын кеңінен таныстыру және жас таланттарға қолдау көрсету көзделген.
Биыл өнер додасына қатысуға 41 үміткер өтінім берген. Алдын ала іріктеуден өткен 20 мен 35 жас аралығындағы 22 орындаушы республикалық кезеңде бақ сынауға мүмкіндік алды. Байқау басталар алдында олардың сахнаға шығу реті жеребе арқылы белгіленді.
Екі кезеңнен тұратын өнер сайысының алғашқы айналымы 26 қазанда өтті. Қатысушылар дәстүрлі ән мектептеріне тән орындаушылық ерекшеліктерді меңгеру деңгейін, дауыс мүмкіндігін және жеке әншілік шеберлігін көрсетті.
Жас әншілердің өнеріне тәжірибелі мамандар баға береді. Қазылар алқасының құрамына Жақсыкелді Кемалов, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржан және Гүлмира Сарина енген.
Республикалық байқау 27 қазанда қорытындыланады. Сол күні сағат 19:00-де жабылу салтанаты ұйымдастырылып, үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады.