Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаев атындағы аудитория ашылды. Бұл бастама қазақ киносының көрнекті өкілінің 100 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Салтанатты шараға режиссердің отбасы мүшелері мен жақындары, мәдениет және өнер саласының өкілдері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері жиналды.
Іс-шара барысында Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық жолы мен ұлттық кинематографияға қосқан үлесі сөз болды. Сондай-ақ режиссердің фильмдеріндегі көркемдік ерекшеліктерді, кино тілін және экрандағы бейнелерді зерттеуге арналған екі ғылыми монография көпшілікке таныстырылды.
Мерейтойлық бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Балалық шаққа саяхат» атты студенттер байқауы да қорытындыланды. Шығармашылық сайыста үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Абдолла Қарсақбаев – қазақ кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына айрықша еңбек сіңірген режиссерлердің бірі. Оның «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс» секілді туындылары ұлттық кино тарихында өзіндік орынға ие.
Әсіресе, «Менің атым Қожа» фильмі бірнеше буын көрерменінің сүйікті шығармасына айналып, қазақ балалар киносының танымал туындыларының бірі ретінде бағаланады.
Академияда ашылған атаулы аудитория режиссердің шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа таныстыруға және болашақ кино мамандарының кәсіби қалыптасуына ықпал ететін білім беру кеңістігіне айналмақ.
Бұл бастама ұлттық кинематография тарихындағы маңызды тұлғалардың еңбегін ұлықтап, олардың өнердегі ізін жас ұрпақ жадында сақтауға бағытталған.