Астанада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусы салынады

Астанада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусы салынады
Gov.kz

Елордада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусы бой көтереді. Тиісті меморандумға Шымкентте өткен KGIR-2026 халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасындағы келісім университеттің білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған.

Құжат Шымкентте Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен инвестициялық форумда жасалды. Жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен кәсіпкер қатысып, жалпы 22 құжатқа қол қойылды.

Жаңа кампуста 400 орындық жатақхана болады

Университеттің жаңа кешені шамамен 30 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Жоба бойынша оқу және әкімшілік ғимараттары, кітапхана, заманауи IT-инфрақұрылым, студенттердің бірлесіп жұмыс істеуіне және түрлі іс-шаралар өткізуіне арналған кеңістіктер ашылады.

Сонымен қатар 400 студентке арналған жатақхана салу жоспарланған. Онда тұрғын бөлмелермен бірге асүй, демалыс және сабаққа дайындалуға арналған орындар қарастырылады.

Жасанды интеллект пен инженерияға басымдық беріледі

Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленовтің айтуынша, университет Астана мен Алматыда екі ірі білім беру орталығын дамытуды көздеп отыр.

«Біздің мақсатымыз – сапалы британдық білім берумен ғана шектелмей, Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін жаңа білім мен технологияларды қалыптастыру», – деді ол.

Оның сөзінше, 2024 жылы Астанада университеттің алғашқы кампусы ашылып, 2026 жылы Алматыда тағы бір кампус жұмысын бастаған. Ендігі жоспар – жасанды интеллект, озық инженерия және жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағыттарын дамыту.

Дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады

Coventry University Kazakhstan – Ұлыбританиядағы Coventry University университетінің Қазақстандағы кампусы. Мұнда британдық жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланып, түлектерге британдық үлгідегі диплом беріледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа жобаны жүзеге асыру барысында университеттің мемлекеттік органдармен байланыс орнатуына қолдау көрсетпек.

Сондай-ақ тараптар оқу үлгерімі жоғары түлектер мен олимпиада жеңімпаздарының сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жаңа кампус халықаралық білім беру байланысын нығайтып, елімізде ғылым мен технология саласына қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.