Қазақстанда 41 мыңға жуық шетелдік студент оқиды

Қазақстанда 41 мыңға жуық шетелдік студент оқиды
ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда жоғары білім мен ғылым саласын дамытуға, шетелдік университеттермен байланысты нығайтуға басымдық беріліп жатыр. Қазір елімізде әлемнің 92 мемлекетінен келген 41 мыңға жуық студент оқиды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2019–2026 жылдар аралығында студенттерге 655,7 мың мемлекеттік білім гранты бөлінген. Осы кезеңде шәкіртақы көлемі 2,5 есе өсті. Сондай-ақ 72 125 студентке арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді. Елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы ашылған. Олар 144 білім беру бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам студентті оқытып жатыр. Ал қазақстандық төрт университет өз филиалдарын шетелде ашқан.

Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарған. QS World University Rankings 2027 тізіміне еліміздің 18 университеті енсе, QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне 51 жоғары оқу орны кірген. Оның үшеуі Азиядағы үздік 100 университеттің қатарынан орын алды. Ал Times Higher Education әлемдік рейтингінде Қазақстанның 10 университеті бар.

Ғылым саласына бөлінетін инвестиция көлемі үш еседен астам артқан. Жас ғалымдар саны 6 227-ден 14 423-ке жетіп, 2,3 есе көбейді. Сонымен қатар 813 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде сегіз саты жоғарылап, 139 ел мен экономика арасында 73-орынға орналасқан.

Отандық ғалымдардың жаңалықтары өндірісте де қолданыла бастады. Мәселен, Satbayev University әзірлеген технологиямен алынған тазалығы 99,5 пайыздық селен шетелге экспортталып жатыр. Жетісу университетінде жылына бидайдың алты ұрпағын өсіруге мүмкіндік беретін әдіс пайдаланылуда. Ал Алматыдағы Ядролық физика институтында Орталық Азиядағы алғашқы SMR-300 шағын модульдік реакторының симуляторы іске қосылған.

Жасанды интеллектіні дамытуға арналған AI-Sana бағдарламасы бойынша 706 мың сертификат беріліп, осы технология негізінде 515 шешім әзірленген.

Министрлік бұл жұмыстардың басты мақсаты білім мен ғылымның сапасын арттыру, білікті мамандар даярлау және ғалымдардың әзірлемелерін өндіріске енгізу екенін атап өтті.