Қазақстан делегациясы Түркияның Трабзон қаласында өтіп жатқан халықаралық жастар басқосуына қатысып жатыр. Іс-шара 17-21 қазан аралығында Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) қолдауымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиынның басты мақсаты – түркі елдері жастарының өзара байланысын арттыру, мәдени ынтымақтастықты кеңейту және ортақ бастамаларды талқылауға мүмкіндік жасау.
Кездесу аясында қатысушылар цифрлық технологиялардың дамуы, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер және ұлттық мәдени мұраны сақтау жолдары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған тақырыптық кездесулер өтті.
Бағдарламаның мәдени бөлігінде делегаттар Түркияның тарихи орындарын аралап, елдің рухани және мәдени құндылықтарымен танысады.
Ұйымдастырушылар бұл басқосу түркі мемлекеттері жастарының бір-бірін жақынырақ тануына, тәжірибе алмасуына және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді деп күтеді.
Сонымен қатар халықаралық кездесу ортақ тарихи тамыры бар елдер арасындағы достықты нығайтып, жастардың мәдени және қоғамдық байланыстарын дамытуға бағытталған.