Түркістан қаласындағы “Фараб” облыстық кітапханасында “Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті” тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Басқосуға бес елден 400-ге жуық қатысушы жиналды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ғылыми жиынды “Әзірет Сұлтан” ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесіп өткізді.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар, зерттеушілер, оқытушылар, студенттер мен мәдени мұра саласының мамандары қатысты.
Басқосуда Сырдария бойындағы тарихи ескерткіштерді, археологиялық жәдігерлерді, сәулет нысандары мен жазба мұраларды сақтау мәселелері қозғалды. Сондай-ақ өңірдің рухани құндылықтары мен ислам өркениетінің қалыптасуындағы тарихи орны талқыланды. Пленарлық отырыста зерттеушілер Сырдария өңірінің тарихы мен мәдени мұрасына арналған ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Конференция төрт секция бойынша жалғасты. Қатысушылар көне қалалардан жеткен материалдық құндылықтарды, тарихи және рухани сабақтастықты, Қожа Ахмет Ясауидің жазба мұрасын және түркі мәдениетін зерттеудің жаңа бағыттарын қарастырды.
Ғалымдар Отырар, Ясы, Сауран және Сығанақ қалаларының тарихи маңызына да тоқталды. Бұл шаһарлар ғасырлар бойы Орталық Азиядағы сауда мен мәдени байланыстардың ірі орталықтары саналып, ғылым мен білімнің дамуына және ислам мәдениетінің таралуына ықпал еткен.
Жиын қорытындысында қатысушылар зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, алдағы уақытта ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойды.