Ұлттық ғылым академиясы 80 жылдығын атап өтті

Ұлттық ғылым академиясы 80 жылдығын атап өтті
Gov.kz

17 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерейтой аясында отандық ғылымның жетістіктері қорытындыланып, алдағы даму бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

1946 жылы көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ғылыми зерттеулердің дамуына және ғылыми мектептердің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Сексен жылдық мерейтой осы тарихи мұраны дәріптеп қана қоймай, ғылым мен заманауи технологиялардың байланысын нығайтуға арналған маңызды басқосуға айналды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық ғылыми ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен жас зерттеушілер қатысты.

Жиын барысында Академияның қалыптасу тарихы мен негізгі жетістіктері туралы мультимедиалық таныстырылым көрсетілді. Қатысушылар назарына ұсынылған ерекше жобалардың бірі – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасы болды.

Салтанатты жиынды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Академияның Қазақстан ғылымын дамытудағы тарихи маңызына тоқталып, оның елдің өндірістік, экономикалық және зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.

“Биыл бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда алғаш рет адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны өркендету мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді”, – делінген Президенттің құттықтауында.

Министр Саясат Нұрбек те Академияның ел дамуы үшін атқарған еңбегіне тоқталып, ғылыми зерттеулерді қолдау экономиканы жаңғырту мен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін айтты.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев баяндама жасап, ғылыми мекеменің алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі басты міндет – ғылыми зерттеулерді ел экономикасының нақты сұранысына бейімдеп, олардың нәтижесін өндірісте кеңінен қолдану.

Академияның бастамасымен ұйымдастырылған 75-тен астам өңірлік және салалық талқылау нәтижесінде болашағы бар 220-ға жуық міндет айқындалған. Осы жұмыстар негізінде ғылымды дамытудың төрт деңгейлі басымдықтар жүйесі әзірленді.

Үкімет қолдаған бұл тәсілді 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар алдағы уақытта су ресурстарын тиімді пайдалану, жер сілкінісі қаупін азайту, стратегиялық минералдарды зерттеу, энергетика, ауыл шаруашылығы және биотехнология салаларында ауқымды ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу де негізгі бағыттардың бірі болмақ. Атап айтқанда, Qazaqstan AI for Science ұлттық зерттеу экожүйесін дамыту және Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық стратегиясын әзірлеу көзделген.

Ақылбек Күрішбаев ғылыми ұйымдардың дербестігін арттыру, зерттеулерді тұрақты қаржыландыру және ғылыми жаңалықтардың экономикаға нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударды.

“Академияның сексен жылдығы – оның тарихи мұрасы мен жаңа жауапкершілігі тоғысқан маңызды белес”, – деді ол.

Мерейтой аясында жас ғалымдарға қолдау көрсетуге де ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін бес жас ғалымға Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй сертификаттары табысталды. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академияларының басшылары мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен бірлесіп дайындалған “ҚР ҰҒА – 80 жыл” тарихи-құжаттық көрмесі таныстырылды. Көрмеге Академияның тарихына қатысты бұрын көпшілік назарына ұсынылмаған архив құжаттары мен фотосуреттер қойылды.

Бұдан бөлек, отандық ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдарға алғаш рет “Қаныш Сәтбаев” медалі табысталды.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы еліміздің ғылыми жетістіктерін саралап, жас зерттеушілерді қолдау мен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.