Астанада Creative Shift бағдарламасы басталды

Астанада Creative Shift бағдарламасы басталды
Gov.kz

Елордада шығармашылық жобаларды табысты бизнеске айналдыруға көмектесетін Creative Shift акселерациялық бағдарламасы іске қосылды. Жоба қатысушылары кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгеріп, өз идеяларын нарыққа шығаруға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

19-25 қазан аралығында өтетін бағдарламаға креативті индустрия өкілдері қатысады. Бір апта бойы олар отандық және шетелдік мамандардан тәжірибелік сабақ алып, жобаларын дамыту жолдарын үйренеді.

Оқу барысында қатысушылар бизнес-жоспар құру, нарықтағы сұранысты анықтау, өнімді жарнамалау, бренд қалыптастыру және инвесторлармен жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ шығармашылық кәсіпте жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселесіне назар аударылады. Бағдарламаға түрлі салада тәжірибе жинақтаған сарапшылар шақырылған. Олардың қатарында 20-дан астам анимациялық фильмнің режиссері әрі сценарисі Адай Әбелдинов, ER10 Media компаниясының тең құрылтайшысы Эльнора Розмұхамедова, халықаралық бизнес пен венчурлық инвестициялар жөніндегі маман Jaeyeong Park бар.

Бұдан бөлек, брендинг және генеративті жасанды интеллект саласында 25 жылдық тәжірибесі бар креативті директор Edmond Yang мен BAIPKET академиясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ақсұлтан Қали өз тәжірибелерімен бөліседі.Шимайлар

Creative Shift бұған дейін Алматы мен Шымкент қалаларында да ұйымдастырылған. Осы қалалардағы қарқынды оқыту курстарын қоса алғанда, бағдарлама үш қалада 500-ден астам адамды қамтиды.

Іріктеуден өткен үздік жоба авторлары жеті күн бойы тәлімгерлермен бірге жұмыс істеп, өз бастамаларын жетілдіреді. Ал бағдарламаның қорытынды кезеңі Pitch Day форматында өтеді. Онда қатысушылар жобаларын инвесторлар мен кәсіпкерлерге таныстырып, ықтимал серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – шығармашылық идеялардың нақты кәсіпке айналуына жағдай жасау, креативті саладағы кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және олардың нарықта өз орнын табуына қолдау көрсету.