Балқашқа үш жылда 40 млрд текше метр су құйылды

Балқашқа үш жылда 40 млрд текше метр су құйылды
Gov.kz

Соңғы үш жылда Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақтандыруға ықпал етті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылы Балқашқа 15,9 млрд текше метрге жуық су жіберілген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрді құраған. 2026 жылдың басынан бері көлге 9,7 млрд текше метрден астам су келіп түскен.

Балқаш көлін сумен қамтамасыз етуде Қапшағай су қоймасы маңызды рөл атқарады. Ол трансшекаралық Іле өзенінің ағысын реттеп, көлге жіберілетін су көлемін бақылауға мүмкіндік береді. Биыл Қапшағай су қоймасы 98 пайызға толған. Ал 2024 және 2025 жылдары су қоймасындағы су деңгейі толық көлеміне, яғни 100 пайызға жеткен.

Балқаштың қазіргі су деңгейі қандай?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Іле өзені арқылы Балқашқа құятын су мөлшері көпжылдық орташа көрсеткішке сәйкес келеді. Бұл көл деңгейін бірқалыпты сақтауға жағдай жасап отыр.

«Іле өзені арқылы Балқашқа келетін су көлемі көпжылдық орташа көрсеткішке сай. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр. Қазір Балқаштың су деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде сақталуда», – деді министр.

Балқашты 2040 жылға дейін сақтау жоспары әзірленуде

Министрлік көлдің экологиялық жағдайын ұзақ мерзімді кезеңде сақтау бағытында да жұмыстар жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, француз сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар дайындалуда. Жоба аясында далалық зерттеулер жүргізіліп, қажетті деректер жиналған. Қазіргі уақытта мамандар алынған нәтижелерді талдап жатыр.

Жоспар көлдің су ресурстарын тиімді басқаруға және оның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.