Маңғыстауда жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Маңғыстауда жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Gov.kz

Маңғыстау облысында күрделі жөндеуден өткен Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы қайта ашылды. 1969 жылы салынған ғимарат толық жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Вокзалдың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, мердігер компания өкілдері, теміржол саласының ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада Жәнібек Тайжанов теміржол вокзалдарын жаңарту жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудің маңызды бөлігі екенін айтты. Оның сөзінше, қайта жаңғыртудан кейін ғимараттың сыртқы келбеті өзгеріп, жолаушыларға арналған жағдай жақсарған.

«Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың сәулеттік келбеті заманауи сипатқа ие болып, инфрақұрылымы жолаушылар үшін неғұрлым функционалды әрі қолайлы бола түсті. Жаңғыртудың басты мақсаты – әрбір жолаушы үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді жағдай жасау», – деді вице-министр.

Вокзалда қандай өзгерістер болды?

Жөндеу жұмыстары кезінде техникалық қабаты бар үш қабатты ғимарат толық жаңартылды. Вокзалдың шатыры мен сыртқы қасбеті жөнделіп, ішкі бөлмелері, инженерлік желілері және байланыс жүйелері ауыстырылды. Жолаушылардың жайлылығы үшін жаңа билет кассалары, күту залдары, қауіпсіздік тексеру аймағы, ана мен бала бөлмесі және ұзақ уақыт демалуға арналған арнайы орындар жабдықталды. Сондай-ақ ғимарат ішінде сауда орындары мен түрлі қызмет көрсету нысандары қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына да жағдай жасалды. Вокзалға лифтілер, эскалаторлар мен траволаторлар орнатылды. Бұдан бөлек, көру қабілеті нашар жолаушыларға арналған тактильді бағыттағыштар мен қозғалысы шектеулі адамдар демалатын арнайы бөлмелер қарастырылды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғимарат бейнебақылау камераларымен, желдету, өрттен қорғау және кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталды.

Вокзал күніне 2 500 жолаушыға қызмет көрсетеді

Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы I санатқа жатады. Мұнда тәулігіне орта есеппен 2 500 жолаушы қатынайды.

Станция арқылы еліміздің түрлі өңірлеріне және көршілес Өзбекстанға бағытталған 16 жолаушылар пойызы жүреді. Атап айтқанда, Маңғыстаудан Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Орал және Атырау қалаларына қатынауға болады.

Жауапты мамандардың айтуынша, вокзалдың жаңартылуы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірдегі теміржол қатынасын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.