Германияның Mercedes-Benz автоконцерні мен америкалық Nvidia компаниясы жүргізушісіз басқару технологияларын дамыту үшін ынтымақтастығын кеңейтеді. Серіктестік алдағы он жылға жоспарланған, деп Baspasoz.kz тілшісі BILD-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Компаниялар жасанды интеллект көмегімен көліктің жолдағы күрделі жағдайларда өздігінен шешім қабылдауына мүмкіндік беретін жаңа жүйе әзірлемек. Бұл технология көлік қозғалысы тығыз көшелерде, қиылыстарда және тұраққа қою кезінде жүргізушінің қатысуын азайтуға бағытталған.
Жаңа жүйенің негізін Mercedes-Benz компаниясының MB.OS операциялық жүйесі мен Nvidia әзірлеген жасанды интеллект платформасы құрайды. Ал Alpamayo бағдарламасы көлікке айналасындағы жағдайды талдауға, ықтимал қауіптерді алдын ала анықтауға және қауіпсіз қозғалыс бағытын таңдауға көмектеседі.
Серіктестердің басты мақсаттарының бірі – жүргізушісіз басқарудың төртінші деңгейіне қол жеткізу. Мұндай жүйе белгілі бір жағдайларда көлікті адамның араласуынсыз толық басқара алады. Яғни жүргізушіге жолды үнемі бақылап отырудың қажеті болмайды.
Болашақта бұл технологияны жүргізушісіз жолаушы тасымалдайтын роботаксилерде де пайдалану көзделіп отыр.
Mercedes-Benz пен Nvidia алдағы он жылда осы бағыттағы зерттеулер мен әзірлемелерді бірлесіп жүргізбек. Алайда жаңа мүмкіндіктердің жаппай шығарылатын автокөліктерге қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.