Ормуз бұғазында мұнай танкері минаға жарылды

Ормуз бұғазында мұнай танкері минаға жарылды
ЖИ арқылы жасалған

Ормуз бұғазында 2 миллионнан астам баррель мұнай тасымалдаған алып танкер теңіз минасына соғылып, бортында өрт шықты, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусының мәліметіне сүйеніп, танкердің Ормуз бұғазы арқылы өтуге белгіленген талаптарды бұзғанын хабарлады.

Иран әскерилерінің мәліметінше, кеме алдын ала келісілмеген бағытпен қозғалған. Сондай-ақ танкердің орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін бақылау жүйесі өшірілген. Салдарынан кеме теңіз минасына соғылып, жарылыс болған. Артынша танкердің бортында өрт тұтанған.

Әзірге зардап шеккендер туралы мәлімет жарияланған жоқ. Кеменің қаншалықты зақымданғаны да белгісіз.

Айта кетейік, өткен аптада да Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде осындай оқиға тіркелген. Ірі мұнай танкері теңіз минасына соғылып, оның қозғалтқыш бөлімінде жарылыс болып, өрт шыққан.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды теңіз жолдарының бірі. Мұндағы қауіпсіздікке қатысты кез келген оқиға халықаралық мұнай нарығына әсер етуі мүмкін.