Шығыс Қазақстанда ауруханалар мен жол құрылысына 105,7 млрд теңге бөлінді

Шығыс Қазақстанда ауруханалар мен жол құрылысына 105,7 млрд теңге бөлінді
https://t.me/KZgovernment

Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау және жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірдегі медициналық мекемелерді жаңғырту мен жол нысандарын салуға жалпы 105,7 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың бірінші сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде.

Өскемен қаласында жаңа көпбейінді аурухана салу, Ана мен бала орталығының ғимаратын перзентханаға бейімдеп қайта жаңарту, сондай-ақ көлік қозғалысын жақсартуға арналған бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Ертіс өзеніндегі көпірден Серікбаев көшесіне шығатын жолды ашу және Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жол айрығын жаңғырту жоспарланған.

Өскеменде 300 орындық жаңа аурухана салынып жатыр

Қаладағы 19-шағын ауданда жалпы аумағы 42,5 мың шаршы метр болатын көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Жаңа медициналық кешен қазіргі облыстық аурухананың қызметін алмастыруға тиіс.

Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджетке қосымша 33,3 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта ауруханаға қажетті медициналық жабдықтарды сатып алу аяқталған. Құрылыс алаңында бетон құю, жер қазу және аумақты тегістеу жұмыстары жалғасуда.

Нысанның бүгінгі дайындық деңгейі 28 пайызды құрайды. Құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Жаңа аурухана бес мамандандырылған блоктан және оларды байланыстыратын екі галереядан тұрады. Мұнда хирургия, травматология, кардиология, нейрохирургия бөлімдері, инсульт орталығы және өзге де медициналық қызметтер орналасады. Жоспар бойынша мекеме жыл сайын 13,6 мың науқасқа медициналық көмек көрсете алады.

Ана мен бала орталығының перзентханасы 90 пайызға дайын

Өскемендегі тағы бір маңызды жоба – Ана мен бала орталығының стационарлық ғимаратын перзентхана ретінде қайта жаңарту.

Осы мақсатқа 2026 жылы қосымша 2,4 млрд теңге бөлінген. Жоба аясында ғимарат пен инженерлік желілер жаңартылып, перзентхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Жалпы аумағы 12,2 мың шаршы метр болатын нысанның құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Оны 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңартылған перзентхана акушерлік көмектің сапасын арттыруға, күрделі патологияларды емдеуге жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ресми мәліметке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 5 300 сәби дүниеге келеді. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін перзентхана жылына қосымша 2 мыңға дейін босанатын әйелді қабылдай алады.

Осылайша, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.