Жапония Марстың Фобос және Деймос серіктерін зерттеуге арналған MMX ғарыш аппаратын сәтті ұшырды. Ғалымдар Фобостан топырақ үлгілерін жинап, оларды 2031 жылы Жерге жеткізуді жоспарлап отыр, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) мәліметінше, ғарыш аппараты 20 қазанда Танэгасима аралындағы ғарыш айлағынан ұшырылған.
MMX (Martian Moons Exploration) жобасы Марстың екі табиғи серігін жан-жақты зерттеуге бағытталған. Салмағы бес тонна болатын аппарат ғарышқа ұзақ сапарға аттанды. Жоспар бойынша оның Марс маңына жетуіне шамамен бір жыл қажет. Жерге қайтар жол да осынша уақыт алады.
Ғарыш аппараты Марс маңында үш жылдай болып, Фобос пен Деймостың құрылысын, ерекшеліктерін және пайда болу тарихын зерттейді. Фобостың диаметрі шамамен 20 шақырым болса, Деймостың диаметрі 10 шақырымға жуық. Зерттеу барысында Фобосқа алдымен шағын робот түсіріледі. Кейін негізгі аппарат серіктің бетіне қонып, топырақ үлгілерін жинайды.
Фобоста 100 күн жұмыс істейтін робот
Жобаның жалпы құны 578 миллион долларға бағаланған. Оған Жапониямен бірге АҚШ, Франция, Германия және Еуропалық ғарыш агенттігі қатысып жатыр. Франция мен Германия мамандары миссия үшін Idefix атты шағын робот әзірлеген. Оның атауы Астерикс пен Обеликс туралы комикстегі иттің құрметіне қойылған.
Төрт дөңгелекті роботтың көлемі микротолқынды пешпен шамалас. Ол Фобосқа бірінші болып қонып, шамамен 100 күн бойы зерттеу жүргізуі тиіс. Робот өте баяу, секундына небәрі бір миллиметр жылдамдықпен қозғалады.
Ал негізгі MMX аппараты Фобос бетінде екі сағаттай ғана болады. Осы уақыт ішінде ол шамамен 10 грамм топырақ жинап, оны арнайы құрылғыға орналастырады. Жиналған үлгілерді Жерге жеткізу 2031 жылға жоспарланған. Ғалымдар бұл материалдар арқылы Марс серіктерінің қалай пайда болғанын және Күн жүйесінің қалыптасу тарихын тереңірек зерттеуге үміттенеді.
Бұған дейінгі миссиялар неге сәтсіз аяқталды?
Марстың Фобос серігін зерттеуге бұған дейін де бірнеше рет әрекет жасалған.
Кеңес Одағы мен Ресей Фобосқа ғарыш аппаратын қондыруды үш мәрте жоспарлағанымен, бұл мақсатқа жете алмады. Тек 1989 жылы кеңестік «Фобос-2» аппараты Марстың серігіне жақындап, оның суреттерін Жерге жіберген. Алайда аппаратты Фобос бетіне қондыру мүмкін болмады.
Жапонияның қазіргі миссиясы сәтті аяқталса, Фобостан алынған топырақ үлгілері алғаш рет Жерге жеткізіледі. Бұл Марс пен оның серіктерін зерттеудегі маңызды ғылыми жетістіктердің бірі болмақ.